Жазушылардың ішінде өмірбаянының бай болуы жағынан Джек Лондонға теңдесетіні кемде-кем. Америкада туған, Лондон деген фамилиясы өгей әкесінен берілген, кәмелетке толмай жатып теңіз қарақшысына, жағалаудағы бұзақыға айналған, жалданып қара жұмыс істеген, Алясканы, Сібір мен Жапон жағалауларын көрген, қоғамның небір қалтарыстарындағы адамдармен араласқан – міне, осындай өмір мектебінен өткен жас жігіттің көрген-білгені, көкейге түйгені мол еді.
Өзі сезімтал, байқағыш, сонымен қатар күшті, шымыр, қара жұмысқа да, ой еңбегіне де төзімді Джек өмір бойы кедейліктен құтылып, жақсы өмір сүргісі келіп талпынған. Қашанда қолда барға көңілі толмай, алыстағы бір жақсы өмірге ұмтылып тұрады екен. Осылайша ол ғұмырының бір бөлігін тәжірибе жинап, өмірде үйренуге, екінші бөлігін соның бәрін жазуға жұмсаған еді.