«Шын хәкім, сөзің асыл баға жетпес» деп Мағжан жырлаған Абай мұрасының басылым тарихында біз бірнеше рет таңба алмастырып, жазу өзгерісін бастан кештік. Бұл Абай өлеңдерінің мән-мазмұнына түрлі деңгейде әсер етпеді дей алмаймыз. Сондықтан қолдарыңыздағы кітапты құрастыруда соңғы ұжымдық жинақ – М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тарапынан дайындалған ақынның 3 томдық академиялық басылымы басшылыққа алынды.
Біз ел бірлігі, ұлттың мінезі, мәдениеті дегенді ауызға алғанда Абай есіміне соқпай кете алмаймыз. Оның бірден-бір себебі Абай өлеңдерінің көтерген мәселесінде жатса керек. Абай сөзінің қазақпен жаны егіз, мәселесі өзекті болып келетіні де содан. Бұл тұрғыдан алғанда, Абай мұрасы біздің әрбіріміздің мақсат-мүддемізді айқындауда бір таразылап өтер өлшем, құндылық рөлін атқарады.