Әзілхан Нұршайықов – таза болмысымен, өмірді жақсы көрген үлкен жүрегімен ерекшеленген жазушы. Өте қиын дәуірде өсіп, аса ауыр кезеңде жастық шағын өткізсе де, жақсылыққа деген құштарлығын сақтап қала алған адам.
Оның «Махаббат, қызық мол жылдар» романы ең көп оқылған шығармалардың бірі. Оқиға соғыстан кейінгі уақытта өрбісе де, ондағы тағдырлар, мінездер, сезімдер қай кезге де тән өміршең тақырыптар. Содан болса керек, қағазға түскеніне жарты ғасырға жуық уақыт болса да, әр жылы жоғары сыныпқа барған немесе студент атанған жастар бұл романды оқып шығып, алда күтіп тұрған үлкен өмірдің жақсылығы мен жамандығын парықтап, ойға беріледі, кейіпкерлермен бірге сүйініп, кейіпкерлермен бірге күйінеді.