Уфа қаласындағы «Шарқ» баспасынан «Оян, қазақ!» деген атпен 1909 жылы жарық көрген бұл кітап қазақ қоғамына қою қара бұлтты жарып шыққан күндей әсер етті. Қолдан қолға өтіп, қыр қазағының рухын шыңдай түсті. Кітаптың ел көңілінен шыққандығы сондай, тіпті, ұзатылған қыздың жасауына қосу дәстүрінің болғандығы жайында да деректер келіседі.
Отаршыл орыс үкіметінің саяси көзқарасына бұл кітап сай келмеді. «Оян, қазақ!» авторымен бірге қуғынға түсті. Оқуға тыйым салынды. Біржола жойып жібермек болды. Алайда бұл өлмес туынды шын ел жанашырлары мен ақынның қызы Гүлнар Міржақыпқызының арқасында жоғалмады, ұмытылмады.
«Міржақып әкем ешқашан алған бағытынан қайтпаған, «Оян, қазағы» үшін патша зынданында отырған» – деп жазды Гүлнар Міржақыпқызы.
Тағдыр тезінен өтсе де құнын жоймас жинақты түпнұсқа сөз стилін сақтап оқырманға ұсынып отырмыз.