Михаил Булгаков – Ресей империясы заманында туып, Совет өкіметі кезінде әдебиетке келген жазушы. Өмірбаянындағы жылдар көрсеткіші солай болғанымен, шын мәнінде, Булгаков өз заманының емес, адами құндылықтардың жыршысы болып қала білген қаламгер. Тұстастары сияқты, Советті насихаттай жөнелмей, керек болса, кейіпкері арқылы «мен пролетариатты ұнатпаймын» деген пікірді айта алған адам.
Сол үшін де 1925 жылы жазылған «Ит жүрегі» шығармасының жолы ауыр болды. 1926 жылы НКВД қызметкерлері жазушының үйін тінткенде, повестің қолжазбасын да алып кеткен еді. Сол беті «қамалған» шығарма 60-жылдары көшіріліп, қолдан-қолға тарай бастаған. 1967 жылы Германия мен Британияда басылған. Тек 1987 жылы ғана Совет өкіметінде басылып шыққан.
Ол уақытта осындай қиындықтан өткен повесть қазіргі заман үшін аса құнды дүниеге айналып отыр.