Сипаттамасы

Бастауы сонау он үшінші ғасырға барып тірелетін әйгілі Жошы ұлысының Алтын Орда империясы бүгінгі қазақ халқының айбынды тарихы екені даусыз. Әйткенмен, күні-бүгінге Алтын Орданың ақиқат, әрі толық шежіресі жазылып, таңбаға түспеген еді. Ол аз болғандай, отаршыл Орыс көзқарасы бойынша, бар тарихы бұрмаланып келген. Батыс ғылымындағы бірлі-жар зерттеулерді айтпасақ, тек советтік құрсаудан соңғы кезеңде ғана бұл тақырыпты шынайы, жан-жақты тануға жол ашылды. Осы орайда Жошы ұлысы – Ұлығ Ұлыстың ең басты, негізгі мұрагері – бүгінгі Қазақстан деп білсек, әйгілі жазушы, даңғайыр тарихшы Мұхтар Мағауиннің «Алтын Орда» кітабының мән-маңызы айқындала түспек.
Қолдарыңыздағы кітап – жаңа сөз, жаңаша көзқарас, әрі өткендегі олқының орнын толтырар, жан-жақты, терең толғау. Тарихын білмекке құштар барша оқырманға арналады.

